ХХІ ҒАСЫР МЕКТЕБІ
ХХІ ҒАСЫР МЕКТЕБІ – ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗДЫ БИІК ҰСТАЙТЫН, ӘЛЕМДІК БІЛІМ КЕҢІСТІГІНДЕ ӨЗІНДІК ОРНЫ БАР КИЕЛІ ШАҢЫРАҚ
Экономикалық жаһандану білім беруге ұлттық жүйелердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, білім берудің Халықаралық нарығына тең дәрежеде кіруі үшін жаңа сапалы талаптар қояды. Елдің 2030 жылдарға дейінгі дамуының стратегиялық басымдылықтарын айқындаған Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында «келер ғасырда экономикалық және әлеуметтік дамудың жетекші факторы-адамның өзі, олардың ерік-жігері, қуаты, талаптылығы, білімі», ал XXI ғасырда қоғам дамуының негізгі қағидасы бірінші кезекте білімділік деңгейімен айқындалатын ұлттың бәсекеге қабілеттілігі болатынын атап өткен. Сондықтан елдегі мемлекеттік білім беру саясатының басым бағытының бірі-мемлекетті, экономиканы, ғылым мен мәдениетті басқаруда негізгі орындарға ие болуға қабілетті, мемлекеттің негізгі интеллектуалды және шығармашылық әлеуетінің құнды игілігі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мен дамытуға бағытталған инновациялық-бейімді, құзіретті және кәсіби бағдарлы жүйесін құру болып табылады.
Орныққан жаңа үлгідегі мектепті енгізу және дәстүрлі білім беруде жаһанданудың талаптарына жауап беруге дайын, ерте жетілген кәсіби бағдарлы, өздігінен білімін жетілдіруін бағдарлаушы, мемлекеттегі бәсекеге қабілетті тұлғаны дайындау мақсатында 2009 жылдың 24 желтоқсанында аудан халқының талай жылғы арманы - № 6 білім ордасының алып ғимараты Хромтау қаласының шәкірттеріне есігін айқара ашты. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов және аудан әкімі Жеткерген Оралмағамбетов келді. Республикалық бюджеттің 807 млн. теңге қаржысына салынған 504 орындық үлкен мектеп. Бір айырмашылық - үш қабатты мектепке мүмкіндіктері шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы етіп, лифт орналастырылған. Бұған қоса, мұнда арнайы құралдармен жабдықталған дәрігерлік пункт бар. Сондай-ақ гимназияда 100 орындық асхана, 330 орындық акт залы, үлкен кітапхана, спорт залы және компьютер, лингафон кабинеттері бар. Толып жатқан оқу кабинеттері шәкірттердің бір ауысыммен оқуына жағдай жасайды. Оқу кабинеттері жаңа жиһаздармен, оқу құралдарымен жабдықталған.
Гимназияның алғашқы қонағы сенат депутаты Амиров Иран Амирұлы ұжымға шығармашылық табыс тілей отырып, ұлттық рухымызды биік ұстайтын, әлемдік білім кеңістігінде өзіндік орны болатын киелі шаңырақ болатынына сенім білдірді.
Гимназияда бүгінгі таңда барлығы 463 білім алушы білім алуда.
42-ұстаз сабақ береді. Мектепті алғаш ашылған күнінен бастап білгір де білікті басшы «Астана 10 жыл», медалінің иегері Мукашева Гулмараш Орынбасарқызы басқарып келеді.